Рецензиялау

«SOCIOLOGY.KZ» — рецензияланатын басылым. «SOCIOLOGY.KZ» журналының редакциялық саясаты жарияланатын материалдардың жоғары ғылыми сапасын қамтамасыз етуге, плагиаттан қорғауға және этикалық нормаларды сақтауға бағытталған. Журналда сарапшылардың оң бағасын алған мақалалар ғана жарияланады.

Мақалалар сараптаманың екі кезеңінен өтеді: редакциялық кеңестің алдын ала ішкі іріктеуі және сарапшылардың рецензиялауынан тұратын негізгі кезең. Журнал «қос соқыр» (double-blind review) рецензиялау процедурасын қолданады, бұл жүйеде авторға рецензенттердің аты-жөні, ал рецензенттерге авторлардың аты-жөні хабарланбайды.

Редакция редакциялық этика ережелерін сақтай отырып, тақырыпқа сәйкес келмейтін немесе тиісті деңгейде рәсімделмеген қолжазбаларды қабылдамау құқығын өзіне қалдырады. Алдын ала кезеңде мақалаларды қабылдамаудың негізгі себептері: журнал профиліне сәйкес келмеуі, мазмұнындағы өрескел қателер, плагиаттың болуы, қайталама жарияланымдар және тілдік нормалардың бұзылуы. Рәсімдеу талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты редакция қабылдамаған қолжазбалар рецензиялауға жіберілмейді.

Екінші кезеңнің нәтижесі бойынша шешім қабылданып, авторға электрондық пошта арқылы сараптамалық пікірлер немесе жалпы сараптамалық қорытынды жіберіледі. Шешім нұсқалары:

а) мақаланы жариялауға қабылдау;

ә) мақаланы пысықтау/өңдеу (өңдеу бойынша ұсыныстар тұжырымдалады);

б) мақаланы қабылдамау (себептері негізделеді).

Жарияланым этикасы

«SOCIOLOGY.KZ» журналы өз қызметінде ғылыми материалдарды жариялаудың жалпыға ортақ этикалық принциптерін ұстанады және халықаралық жарияланым кеңістігінде бекітілген этика принциптерін, сондай-ақ ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының қызметкерлері басшылыққа алатын ғалымның этикалық кодексін негізге алады.

Жарияланған материалдар редакциялық кеңестің көзқарасын білдіруі міндетті емес.

Еркін қолжетімділік саясаты және материалдарды мұрағаттау

«SOCIOLOGY.KZ» журналы өз контентіне журналдың ресми веб-сайтында ашық қолжетімділік ұсынады.

Сайттағы барлық ақпарат үш тілде: қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде беріліп, сайт контентіне ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сайтта журналдың редакциялық саясаты, оның мақсаты мен тақырыптық бағыты, мақаланы жариялау шарттары, рецензиялау саясаты, жарияланым этикасы, редакциялық кеңестің құрамы туралы ақпарат, сондай-ақ келушілер үшін басқа да пайдалы мәліметтер көрсетілген.

Авторлар мен оқырмандар журналдың ағымдағы нөмірінің электрондық нұсқаларымен, сондай-ақ нөмірлер мұрағатымен таныса алады. Журнал және ондағы барлық жарияланымдар электрондық түрде тегін таратылады.

Құпиялылық шарттары

Авторлар туралы деректер журналдың «Біздің авторлар» айдарында жарияланады. Олар келесі ақпаратты қамтиды: А.Ә.Т., жұмыс орны, атқаратын қызметі, ғылыми дәрежесі, атағы.

Журнал сайтына енгізілген есімдер мен электрондық пошта мекенжайлары тек журнал көрсеткен мақсаттар үшін ғана пайдаланылады және қандай да бір басқа мақсаттарға қолданылмайды немесе басқа тұлғалар мен ұйымдарға берілмейді.

Журнал редакциясы рецензенттерге автор(лар) туралы мәліметтерді және автор(лар)ға рецензенттер туралы мәліметтерді жария етпеуге қатысты құпиялылықты сақтайды. Сондай-ақ қарастырылып жатқан мақалалар туралы ақпаратты үшінші тұлғаларға хабарламайды.